Намаздың артықшылығы және әдебі
Аят
1. «Расында, намаз арсыздықтан және жамандықтан (яғни, күнә саналатын жағымсыз қылықтардан) тыяды» («Анкәбут» сүресі, 45-аят
2. «Бес уақыт намазды, әсіресе екінті намазын үзбей (уақытылы) оқыңдар» («Бақара» сүресі, 238-аят
Хадис
1. Әбу Һурайра (р.а.):
«Бірде Аллаһ елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) сахабаларына: «Қайсыбірің күніне бес рет есігінің алдында сарқырап ағып жатқан өзенге жуынатын болса, оның денесінде кір қала ма?» – деп сұрады. Сахабалары: «Жоқ, ондай адамның денесінде кір қалмайды», – деп жауап берді. Сонда Аллаһ елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Бес уақыт намаз да сол (өзен) тәрізді. Аллаһ тағала бес уақыт намаз арқылы күнәларды жуып-шаяды», – деп айтқан еді» – деген.(Бұхари, мәуақиит 6; Муслим, мәсәжид 283).
2. Осман ибн Аффан (р.а.):
«Аллаһ елшісінің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Қандай да бір мұсылман парыз намазының уақыты кіргенде, жақсылап дәрет алып, жан-тәнімен Аллаһқа бойсұнып, намаздың рукуғы мен сәжделерін толық орындаса, оқыған намазы ауыр күнә жасамаған жағдайда, өткен-кеткен барлық күнәларының өтемі болады. Әрдайым да солай болады», – деп айтқанын естідім», – деген (Муслим, таһарат 7).
3. Зуһәйр ибн Умарата ибн Руәйба (р.а.): «Аллаһ елшісінің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Күн шықпай және батпай тұрып үзбей намаз оқыған адам тозаққа кірмейді», – деп айтқанын естідім», – деген (Муслим, мәсәжид 213).
4. Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен хадисте: «Аллаһ елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Жандарыңда күндіз-түні алма-кезек ауысып отыратын періштелер бар. Олар таң және екінді намазының уақытында кезек алмастыру үшін жиналады. Содан кейін түнімен сен-дермен бірге болған періштелер Аллаһтың құзырына көтеріледі. Аллаһ тағала бәрін біліп тұрса да олардан: «Сендер кетерде құлдарым не істеп жатыр еді?» – деп сұрайды. Періштелер: «Біз кетерде олар намаз оқып жатқан еді. Қайтып барғанымызда да намаз оқып жатыр екен», – деп жауап береді», – деген (Бұхари, мәуақит 16; Муслим, мәсәжид 210).
5. Ибн Омар (р.а.) жеткізген хадисте: «Аллаһ елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Жамағатпен оқылған намаз жалғыз оқылған намаздан жиырма жеті есе артық», – деп айтты» – делінген (Бұхари, әзән 30; Муслим, мәсәжид 249).